|
РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ГАЗЕТ "АЙҚЫН"
13.11.10. Соңғы жылдары елімізде жекеменшік медицинаға деген көзқарас жақсара бастады. Жекеменшік медицина қызметін тұтынған емделушілердің 90 пайызы ақылы медициналық қызмет алуды әрі қарай жалғастыруға келеді екен. Өйткені жекеменшік медицина саласында қызмет сапасы артуда. Десе де, әлі де болса шешімін күткен мәселелер бар. Ол түйткілдерді қалай шешуге болады? Қазақстандағы жекеменшік медицинаның болашағы қалай болады, деген мәселе кеше Астанада «Медикер» медициналық компаниясы ұйымдастырған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда талқыға түсті.
Бұл басқосуды «Медикер» компаниясының ұйымдастыруында да мән бар. Аталмыш компания жекеменшік медицина саласында зор жетістікке қол жеткізіп үлгерді. Әсіресе, еліміздегі сақтандыру медицинасының көшбасшысы бола білген компаниядан үйренетін үрдіс көп. Жекеменшік медицинаның болашағын болжаған басқосуға халық қалаулылары, Үкімет пен Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, ассистанс-компаниялар мен әріптес компаниялар өкілдері арнайы ат басын бұрыпты. Медицина мекемелерінің, ғылыми, емдеу-сауықтыру орталықтарының басшылары мен бас дәрігерлері, мұнай, сақтандыру, фармацевтикалық компаниялардың, медициналық жабдық жеткізуші мекемелердің өкілдері де келіпті.
Қай науқас болмасын, дәрігерлердің жанға дауа болғанын қалайды. Сапалы қызмет көрсетсе екен дейді. Ал мұндайда жан-жақты сапалы қызметті медициналық ассистанспен айналысатын сервистік компания ұсына алады. Жекеменшік медицина саласында пайда болған «медициналық ассистанс» терминін таратар болсақ, ол емделушіге сапалы медициналық қызметті аз уақытта алуды ұйымдастыру дегенді білдіреді. Ал ассистанс-компания сақтандыру компанияларында сақтандырылған жеке тұлғаларға ақпараттық және ұйымдастырушылық қызмет көрсететін сервистік орталық. Мұндай компаниялардың жұмысы 2000 жылы «ҚР Сақтандыру қызметі туралы» заң қабылданғаннан кейін қарқын алды. Аталмыш заң Қазақстандағы ерікті медициналық сақтандыру және медициналық ассистанс нарығының дамуына түрткі болды. «Дәл сол жылы Сақтандыру компанияларының клиенттеріне медициналық көмекті ұйымдастыру үшін «Медикер» компаниясы құрылды. Қаржылық бақылау агенттігінің мәліметінше, ерікті сақтандыру портфелі бойынша сақтандыру сыйақысы соңғы төрт жылда 111 пайызға артқан. Бұл соманың 70-80 пайызы «Медикер» сияқты медициналық қызмет көрсеткен ұйымдарға төленген. Сондықтан, ассистанс-компания медициналық сақтандыру нарығын құрып үлгерді деуге негіз бар», - деді өз баяндамасында «Медикер» ассистанс-компаниясының бас директоры Гүлжан Садырбаева. Оның айтуынша, бүгінгі таңда медициналық сақтандыру нарығында «Медикермен» бірге, «Интертич», «Архимедес Казахстан», «Medіcal assіstans group», «MedіServіs», группа «Open clіnіc», «SOS Medіcal assіstans» сынды компаниялар Сақтандыру компанияларының 300 мыңнан астам клиентіне медициналық қызмет көрсетуде. «Сол 300 мыңнан астам клиенттің тең жартысы «Медикердің» қызметіне жүгінеді. Егер ассистанс-компаниялар Қазақстан халқының тек 1,5 пайызына ғана қызмет көрсетіп отырғанын ескерсек, онда біз игеретін нарық әлеуетінің әлі де зор екенін байқау қиын емес. Десе де, ассистанс пен әріптес медициналық ұйымдар арасында қызметке тапсырыс беруші мен клиенттің мүддесіне қатысты шешімін табуы тиіс мәселелер бар», - дейді Гүлжан Степановна. Атап айтқанда, аймақтық және алыстағы мекемелердегі қызмет сапасының сын көтермейтіндігі, медициналық ұйымдардың баға саясатына ықпал ете алмауы, бағаның ұсынылатын қызмет сапасына сәйкеспеуі, кадрлар санатының клиент талабымен тең түспеуі. «Бұл мәселелерді шешудің бірден-бір жолы ассистанс-компаниялар өздерінің медициналық мекемелерін ашуы керек», - дейді «Медикер» басшысы. Бұл сөздің жаны бар. Өйткені 150 мыңнан астам клиенті бар аталмыш компанияның Алматы мен Астанада медициналық орталықтары бар. Жаңаөзен қаласындағы «Мұнайшы» медициналық-сауықтыру орталығын басқарады. Компания Астанадағы бас кеңсесінде педиатриялық бөлімше, Атырауда көп салалы медициналық орталық ашуды көздеп отыр. Ал Орал, Ақтөбе, Павлодар, Шымкент және Ақтау қалаларында медициналық емханалар құрылысын қолға алмақ. Мемлекет басшысы биылғы жолдауында халық саулығы Қазақстанның стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін, сол үшін денсаулық сақтау саласын жақсартып, өмір сүру ұзақтығын арттырып, адам өлімін азайтуды тапсырған-ды. Бұл ретте жекеменшік медициналық сақтандыру жүйесі жалпымемлекеттік міндетті орындауға кірісіп те кетті, бүгіндері медициналық сақтандыру жүйесі құрылған, қазақстандық компаниялар сапалы қызмет ұсына бастады. Ассистанс-компаниялар қазіргі заман мен нарық талаптарына сай жаңа технологиялар мен бейімделген денсаулық сақтау жүйесін де енгізуде. Енді денсаулық сақтау саласындағы реформаларды жүзеге асыру жоспарына қатысуға да дайын. Жекеменшік медицинаны дамытуды көздеген жиыннан ұққанымыз осы болды. Конференцияға қатысушылар жекеменшік және сақтандыру медицинасының дамуына оң баға бере отырып, оны жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсыныстарды жүзеге асыру қажет деп тапты. Оларды атап өткенді де жөн санап отырмыз: 1.Жеке және сақтандыру медицинасы жұмысын реттеп, оны халықаралық стандарттармен сәйкестендіретін Қазақстан республикасының заңнамасы мен нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру; 2.Халық денсаулығын сақтау және көтеру мәселелері бойынша мемлекеттік органдар мен жекеменшік сектордың қарым-қатынасын кеңейту және бекемдеу; 3.Еңбек және денсаулықты қорғау саласы аясында жұмысшылардың әлеуметтік пакетін кеңейту мақсатында ерікті медициналық сақтандыру ісіне қатысушы жұмыс берушіге салынатын салық мөлшерін төмендету бастамасын көтеру; 4.Денсаулық сақтау саласындағы нормативтік-құқықтық құжаттарды әзірлеу ісіне жекеменшік және сақтандыру медицинасы өкілдерін де қатыстыру; 5.Жекеменшік және сақтандыру медицинасы өкілдерін медицина ісін аттестациялау, лицензиялау, аккредитациялау жұмыстарына қатыстыру; 6.Медициналық сақтандыру механизмдерін жетілдіріп, оны денсаулық сақтау жүйесіне ендіру; 7.Денсаулық сақтау саласы жекеменшік секторының кәсіби біліктілігін көтеруге мемлекетпен бірге жұмыс жасау; 8.Жекеменшік және сақтандыру компанияларын медициналық және фармацевтикалық қызмет көрсету бойынша мемлекеттік сатып алу ісіне қатыстыру механизмдерін жетілдіру; 9.Денсаулық сақтау ісін қаржыландырудың балама әдістерін қарастыру, оның ішінде мемлекет пен жекеменшік саланың әріптестік мәселесі де кіреді; 10.Ем алушылардың қажеттілігін толық деңгейде өтеп, медициналық қызмет сапасын көтеру үшін ұдайы түрде техникалық базаны жаңартып отыру; 11.Жекеменшік және сақтандыру медицинасына халықаралық стандарттарға сай келетін жаңа заманғы технологияларды енгізу, мемлекеттік сектормен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау. Ал «Атамекен Одағы» ұлттық экономикалық палатасының төрағасы Азат Перуашев көзін тапса, медицина табысты бизнес дегенді айтады. «Егер елімізде ақылы медициналық қызметтің сапасы әлемдік талаптар дәргейіне сай келсе, шетелде емделуді әдетке айналдырған бай-бағыландардың бетін бері бұруға болар еді. Бұл өз кезегінде жекеменшік медицинаның дамуына да серпін береді», - дейді А.Перуашев. Ол бүгіндері мемлекеттің бизнеске зор қолдау көрсетіп отырғаны, инвестиция тартуға да жағдай туғызғанын тілге тиек етті. «Жекеменшік медицина осы мүмкіндікті пайдаланып, елімізде медициналық қондырғыларын шығаратын өндіріс ошақтарын ашуына болады. Бүгіндері компьютерлік томографияға түсу үшін шалғайдағы жұрт қалаларға сабылуда. Егер инвестиция тарту арқылы аудандардағы жекеменшік емханалар сол қондырғыларға ие болса, өзіне де, өзгеге де тиімді жағдай жасай алады» - деді А.Перуашев. Айтқандай, «Медикер» компаниясының бизнестің «Жол картасына» кірген жалғыз мекеме болып шықты. Бұл компания мемлекеттен субсидия алуға қол жеткізіпті. Осындай мысалдардан хабардар болған басқосуға қатысушы жекеменшік медицина өкілдері мемлекетпен әріптестік жағдайында жұмыс жасауға дайын екендерін байқатты. Форум соңында республикалық ғылыми-зерттеу мақалаларына жарияланған байқаудың қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ Астана
Оригинал статьи размещен по следующей ссылке: здесь
|
|