|
Енді бірер жылдан кейін трансплантациялық ота жасату үшін шекара асудың қажеті болмай қалады. Өйткені ондай оталарды отандық дәрігерлердің өзі жасай бастамақ. Осы мақсатта «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ шетел медицинасындағы үздік мамандардың шеберлік сабақтарын өткізуді дәстүрге айналдырыпты. Күні кеше ғана Франкфурт госпиталінің бір топ дәрігерлері холдинг дәрігерлеріне арқа майына ортопедиялық ота жасаудың заманауи түрі жөнінде шеберлік сабағын өткізді.
Айта кету керек, Франкфурт госпиталі дәрігерлерінің Астана сапарын еліміздегі жекеменшік медицина саласында өзіндік орнын тауып үлгерген «Медикер» ЖШС ұйымдастырды. Қос мекеме арасындағы әріптестікті бұдан былай да нығайта түсу үшін «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ басқарма төрағасы Елжан Біртанов пен «Медикер» ЖШС бас директоры Гүлжан Садырбаева арнайы меморандумға қол қойды. «Медикер» ЖШС бас директоры Гүлжан Садырбаева аталмыш меморандум сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік беретінін айтады. «Шетелдік мамандардың шеберлік сабақтары ауыр оталарды өз елімізде жасауға мүмкіндік туғызады деп сенемін» деді ол. Ал «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ басқарма төрағасының айтуынша, мұндай дәрістер барысында отандық дәрігерлер шетелдік мамандарға көмекші ретінде ота жасау үдерісіне қатыса алады. Ал шетелге барып оқитын болса, ондай мүмкіндік туа бермейді. «Біз жылына осындай елу шақты шеберлік сабақтарын өткіземіз. Әрине, отандық дәрігерлерді шетелге жіберіп оқытуға да болады. Алайда олардың көпшілігі шет тілін меңгермеген, сондықтан шетелдік мамандарды елге шақырған тиімді» дейді ол. Оның үстіне, шет мемлекеттерде шетелдік дәрігердің тәжірибелік мақсатта ота жасауына тыйым салынған. Сондықтан елдегі медицинаны дамыту үшін технология трансфертін енгізу қажет-ақ. Сонда ғана Қазақстан азаматтарының қолы жетпей жүрген медициналық қызметті игереміз. «Егер тиімді технологияны Ұлттық медициналық холдингке енгізіп алсақ, ол технологияны әрі қарай аймақтарға таратамыз. Мәселен, біз өткен жылы аймақтардағы ауруханаларда шеберлік сабағын өткіздік. Осылайша, 2 мыңнан астам отандық дәрігер дәріс алды» дейді Е.Біртанов. Ал оның барлығын шетелде оқыту қомақты қаржыны талап етеді. Айта кетерлігі, елімізде 47 технология енгізілген, соның арқасында 2 жарым мыңнан астам науқас өз Отанында емделуге мүмкіндік алды. Ал осы жылы 50 технологияны енгізу жоспарлануда. Бұл 4 мыңдай науқастың бұған дейін Қазақстанда алмаған ем-домын алуына жағдай туғызбақ. Мәселен, осы аптада Оңтүстік Кореядан келген мамандар бүйрек трансплантациялаудан екі ота жасамақ. Бүйрек трансплантациялау өткен жылы басталған екен. Биыл осындай он ота жасау көзделіпті. Ал келесі жылы кардиохирургиялық орталықта жүрек трансплантациясына, одан кейін бауырды алмастыруға дайындық басталатын көрінеді. Алайда «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ басқармасының төрағасы осы тұста бір кілтипанның шетін шығарды. Трансплантациялық операция түрін дамыту үшін елімізде донорлар мәселесін шешу қажет. Өйткені шетел тәжірибесіндегідей донорлар мен мемлекет арасында келісім жасауға Қазақстан қоғамы дайын емес. Бұл әлі күнге даулы мәселе күйінде қалып тұр. «Дегенмен халық бұл мәселені шешуге өзінің қатысуы керек екенін түсінуі керек, - дейді Е.Біртанов. - Себебі көптеген елдің заңнамасы шетелдіктерге трансплантациялық ота жасауға тыйым салған. Өйткені донор жетіспейді. Бұл мәселе Еуроодақ елдері арасында арнайы келісім арқылы шешілген». Ал егер біз ол келісімге қосылар болсақ, онда оларға да донор беруге міндеттеме алады екенбіз. Одан да ел ішіндегі донорлық мәселені жөнге келтірсек, сол тиімді көрінеді. Бұдан басқа мәселеде мемлекет тарапынан тиісті жағдайдың бәрі жасалып отыр. Соның бір мысалы, Елбасының тікелей тапсырмасымен халықаралық талапқа сай құрылған Ұлттық медициналық холдингте заманауи жабдықтың неше түрі бар. Шеберлік сабақтарын өткізуге келген шетелдік дәрігерлер сол жабдықтарды көргенде тәнті болып қайтады екен. «Олар бізде ота жасау үшін өздерінің медициналық қондырғыларын алып келмек болады. Бірақ бізде одан да жаңа жабдықтардың бар екенін естігенде таңғалады» деген Е.Біртановтің сөзін Франкфурт университетінің дәрігерлер тобын басқарып келген хирург-ортопед Jens Rіcholt та растады. «Жуырда ғана мен Мәскеуде шеберлік сыныбын өткіздім. Ал бүгін Мәскеу мен Астанадағы медициналық жабдықтарды салыстырып, сіздердегі қондырғылардың соңғы үлгіде екеніне көзім жетті» деді ол. Неміс дәрігерімен сөйлесу барысында немістердің отандық медицинаға оң көзқараста екенін білдік. «Шетелден ем алатын немістер некен-саяқ. Басым бөлігі өз елінде емделгенді жөн көреді» дейді ол. Jens Rіcholt бос уақытында классикалық музыка тыңдағанды жақсы көреді екен. Олардың тәжірибесінде ота жасау үстінде де музыка қосып қоятын дәстүр бар көрінеді. «Бұл отаның сәтті жасалуына септігін тигізеді» дейді ол. Ал бұл тәжірибеге біздің хирургтер қалай қарайды екен?..
Оригинал статьи размещен по следующей ссылке: здесь
|